Өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыруды ширату қажет

Жаңалықтар / Спорт және туризм 30-03-2026, 16:30 1 0

Шығыс Қазақстан өңірінде инвестициялық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазіргі таңда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жалпы құны 1 трлн 478 млрд 114 млн теңгені құрайтын 101 жоба тіркелген. Аталған бастамалар аясында шамамен 10,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырдеп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смиттің баяндауынша, соның ішінде 23 жоба сәтті жүзеге асырылып, пайдалануға берілген. Олардың жалпы құны – 107 млрд 868 млн теңгені құрап, нәтижесінде 1064 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.


Бұл көрсеткіштер өңірдегі инвестициялық белсенділіктің нақты нәтижесін айқындайды.


– Биыл қосымша 19 инвестициялық жоба жан-жақты пысықталып, жалпыұлттық және өңірлік пулдарға енгізілді. Жалпы құны – 313,4 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар тағы 1600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Инвестиция тарту және жобаларды тиімді сүйемелдеу мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жаңартылған алгоритмі әзірленді. Бұл тетік инвестициялық бастамаларды іріктеу мен іске асыру үдерісін жүйелеуге бағытталған, – деді Ирина Смит.


Жаңа тәртіпке сәйкес, қала және аудан әкімдіктері салалық басқармалармен бірлесе отырып, инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастырады. Сонымен қатар ұсыныстарды талдап, оларды іске асырудың негізгі шарттарын айқындайды. Бұдан кейін жобалар жергілікті деңгейде жан-жақты сараланып, олардың жүзеге асу мүмкіндігі, инфрақұрылыммен қамтылуы және қала құрылысы талаптарына сәйкестігі тексеріледі.


 

Баяндамашы атап өткендей, келесі кезеңде жобалар мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жолданып, ведомствоаралық келісуден өтеді. Бұл ретте салалық қорытындылар алынып, ықтимал шектеулер анықталады. Соның негізінде әкімдіктер инвесторлармен бірлесіп жобаларды жетілдіріп, қаржыландыру көздерін нақтылап, мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды.


Штаб отырысында Тарбағатай, Самар, Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл аудандары әкімдерінің орынбасарлары өз аудандарындағы жоспарға енген инвестициялық жобалар жайлы ақпарат берді.


– Біздің ауданның инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті жоғары. Былтыр өткен халықаралық «Altai Invest – 2025» форумында біршама келісімдерге қол жеткізілді. Соның бірі – Марқакөлде пантымен емдеу орталығын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, ауданымыз ауылшаруашылығы, туризм, өндірістік зауыттар бойынша инвест жобаларды іске асыруға қолайлы. Сол бағыттар бойынша жұмыс жасап жатырмыз, – деді Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бейсенов.


Пысықталған жобалар өңірлік деңгейде қаралып, инвестициялық пулға енгізу немесе қосымша жетілдіру жөнінде шешім қабылданады. Пулға енген жобалар «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді сүйемелдеуге алынып, олардың іске асырылуы тұрақты бақылауда болады.


Облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит атап көрсеткендей енгізілген жаңа алгоритм инвестициялық жобаларды іріктеу сапасын арттырып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді.


 

Осыған байланысты алдағы кезеңде бекітілген кестеге сәйкес қала және аудан әкімдіктерінің инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы есептері тыңдалмақ.


– Өңірдегі барлық қала-аудан әкімдері өз аумақтары шегінде  инвесторлар тарту жұмыстарын ширатып, жаңа жұмыс орындарын көптеп құруы тиіс. Жобалар тек есеп беру үшін ғана емес, нақты іске асырылатын шаруа болуы қажет, – деді аймақтық инвестициялық штабтың кезекті отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.


Фото:Altainews.kz


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив