Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 13 пайызға төмендеді

Жаңалықтар 24-03-2026, 14:30 1 0

Қазақстан туберкулезді жоюға бағытталған жаһандық бастамаларға адалдығын сақтап келеді. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйымдастырған жоғары деңгейдегі диалогқа қатысып, бұл бағыттағы маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Кездесу барысында елдердің End TB жаһандық стратегиясының мақсаттарына жету жолындағы күш-жігері және туберкулезбен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту тетіктері сөз болды.


Министр өз сөзінің бастамасында адам денсаулығын қорғауда әлем елдерінің күш біріктіруінің маңыздылығына ерекше тоқталды.


– Қазақстан туберкулездің алдын алу, оны ерте анықтау және тиімді емдеу бойынша жүйелі шараларды End TB жаһандық стратегиясы аясында дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары елімізде туберкулезге қарсы қызмет көрсету жүйесі айтарлықтай жаңғыртылды, – деді Ақмарал Әлназарова.

Бүгінде елімізде заманауи молекулалық-генетикалық диагностика әдістері енгізілген. Бұл тәсілдер бірнеше сағат ішінде аурудың бар-жоғын және қоздырғыштың дәрілік препараттарға сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай зертханалық қызметтер өңірлік фтизиопульмонология орталықтарының барлығында қолжетімді.


Министрдің айтуынша, инновациялық емдеу тәсілдерінің енгізілуі, соның ішінде қысқартылған және толықтай таблетка түріндегі терапия режимдері емдеу мерзімін едәуір қысқартып, оның тиімділігін арттыруға әрі пациенттердің өмір сапасын жақсартуға жол ашты.


Аурудың алдын алу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанда БЦЖ вакцинациясымен қамту деңгейі жоғары, сондай-ақ туберкулез инфекциясының алдын алу емін кеңейту және заманауи скрининг әдістерін енгізу жұмыстары жалғасып келеді.


Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде елімізде эпидемиологиялық көрсеткіштердің тұрақты төмендеуі байқалады.


– Соңғы үш жылда туберкулезбен сырқаттанушылық 13,3 пайызға, өлім-жітім 25 пайызға, ал таралу деңгейі 17,2 пайызға төмендеді. Дәріге сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 90,5 пайызды, ал дәріге төзімді түрінде 85,3 пайызды құрап, халықаралық стандарттарға сай келеді, – деп атап өтті министр.

Министр қол жеткізілген нәтижелер жүйелі мемлекеттік саясаттың, тұрақты қаржыландырудың және халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестіктің арқасында мүмкін болғанын жеткізді.


– Қазақстан End TB жаһандық стратегиясын жүзеге асыруға берік ниетті және туберкулезсіз әлем құру жолында халықаралық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын, – деп түйіндеді Ақмарал Әлназарова.

Фото: gov.kz


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив