
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында қоғамдық тамақтану нысандарының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Аталған тақырыпқа ерекше назар аударуға Щучинск қаласында 26 ақпанда орын алған қайғылы жағдай себеп болды. Онда кафелердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан адамдар қаза тапты. Бұл оқиға адамдар көп жиналатын нысандарда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да көрсетті.
Өскемен қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге газ жабдықтары мен электр желілерін пайдалану кезіндегі міндетті талаптарды еске салды. Әсіресе, газ баллондарын сақтау және пайдалану қағидаларын бұза отырып қолдануға жол берілмейтініне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Өскемен қаласы ТЖБ өкілдері қазіргі уақытта бақылау тек профилактикалық қадағалау шеңберінде, сондай-ақ өтініштер келіп түскен және нақты құқықбұзушылық фактілері анықталған жағдайда жоспардан тыс жүргізілетінін атап өтті.
– Щучинск қаласындағы қайғылы жағдайдан кейін профилактикалық жұмыстарды күшейту, оның ішінде қосымша рейдтік іс-шаралар өткізу және кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, кездесу қатысушыларына өрт қауіпсіздігі бойынша тұрақты түрде нұсқамадан өту, персоналды оқыту және эвакуация бойынша практикалық жаттығулар өткізу қажеттігі еске салынды.
– Бүгінде әрбір кәсіпкер келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жауапкершілік деңгейін толық сезінуі аса маңызды. Щучинск қаласындағы қайғылы жағдай қарапайым талаптарды сақтамау қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Қауіпсіздік әрбір қоғамдық тамақтану нысаны қызметінің басты басымдығына айналуы тиіс, – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жәңгірханова.
Қосымша айта кетейік, Өскемен қаласы ТЖБ мәліметіне сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында газ жабдықтарын пайдалануды бақылау және тексеру функциялары жүктелген арнайы газ инспекциясы құрылған.