«Халық бухгалтері» акциясы: кәсіпкерлер тегін кеңес ала алады

Жаңалықтар 20-03-2026, 14:00 1 0

Жаңа Салық кодексіне біртіндеп көшу және жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне тегін кеңес беру мақсатында 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Қазақстанда «Халық бухгалтері» акциясы бастау алды. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі іске қосты, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.



Акция 2026 жылғы 5 қаңтардан 30 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлер бухгалтерлік және салықтық мәселелер бойынша түсінікті әрі тәжірибеге бағытталған кеңестер ала алады.


– Акция аясында бухгалтерлік есеп жүргізу, салық есептілігін тапсыру, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бағыттары бойынша кеңес беріледі. Акция еліміздің барлық қалалары мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармаларында офлайн форматта жүргізіледі. Шығыс Қазақстан облысында қабылдау Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы ғимаратында (Назарбаев даңғылы, 86, 3 қабат) өтеді, – деді Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гульмира Сабралимова.


Облыстың өзге қала-аудандарындағы салық төлеушілер үшін бейнеқоңырау арқылы да кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған. Байланыс нөмірі: 87711238084.


Кеңес беру кестесі 2026 жылғы наурыздан бастап – аптасына 2 рет.


Акция аясында кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастық өкілдері, мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі мамандары кеңес бере алады.


«Халық бухгалтері» – салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылаудан сервистік қолдауға көшу жолындағы алғашқы қадам. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу және кеңес беру қолдауын күшейтуге бағытталған қосымша шаралар қолға алынады, – деп қосты Гулмира Камильқызы.


Фото: Altainews.kz


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив