Микро және шағын бизнеске салықтық жүктеме жеңілдетілді

Жаңалықтар / Республика 20-03-2026, 12:00 1 0

Жаңа Салық кодексіне бейімделу кезеңінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет микро және шағын бизнес үшін салықтық жүктемені азайтуға бағытталған бірқатар жеңілдету шараларын қабылдады. Бұл шешім, ең алдымен, кәсіпкерлерге артық әкімшілік қысымды төмендетіп, олардың жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған санаттағы бизнес субъектілері үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салықтық әкімшілендіру мәселелеріне қатысты жеңілдіктер енгізілді.


Қолдау шараларының негізгі бағыттарына келсек, өткен кезеңдер бойынша салықтық тексерулер азаяды. Өткен жылдардағы салықтарға қатысты камералдық бақылаулар (есептілікті автоматты тексеру) жүргізілмейді, салықтық тексерулер тағайындалмайды.


Облыстағы Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүльмира Сабралимованың айтуынша, бұл жеңілдіктер 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін тапсырылған есептіліктерге, бейрезиденттермен байланысты міндеттемелерге, қылмыстық істерге және прокуратура органдарының талаптарына, сондай-ақ кәсіпкердің өз шағымдары бойынша жүргізілетін тексерулерге қолданылмайды.


– Жаңашылдығы сотқа жүгіну тоқтатылады. Микро және шағын бизнеске қатысты айтар болсақ, 2026 жылға дейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар, 2026 жылға дейін жүргізілген бизнесті тіркеу немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы істер сотқа берілмейді. Салық төлеушілер үшін қызметін тоқтату рәсімі жеңілдетіліп, 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша камералдық бақылаусыз жүзеге асырылады, – деді Гүльмира Камильқызы.


Ал өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жағдайына келсек, егер микро немесе шағын бизнес субъектісі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі қарызын 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, онда – осы қарызға есептелген барлық өсімпұлдар, 2026 жылғы 1 қаңтардағы салық айыппұлдары, төлем мерзімі кейінге шегерілген салықтар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар (соның ішінде оңалту және банкроттық рәсімдері аясында) толық есептен шығарылады.


Бұл ретте жеңілдік тек өсімпұлдар мен айыппұлдарға қатысты екенін, ал негізгі салық сомасын толық төлеу міндетті екенін ескерген жөн.


Жоғарыда аталған департаменттің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Азамат Жақиянов жаңа кодексте әкімшілік жауапкершілік те айтарлықтай жеңілдетілгенін айтады.


– Микро және шағын бизнес субъектілері 2026 жылға дейінгі кезеңдердегі айналымдар бойынша ҚҚС есебіне міндетті тіркелмейді, осы кезеңдерге қатысты салық есептілігін тапсырмау фактілері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, – деді Азамат Жұмағазыұлы.


Қабылданған шаралар кәсіпкерлерге өткен кезеңдерге байланысты тексеру тәуекелін азайтып, қаржылық және әкімшілік жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді.


Нәтижесінде бизнес өкілдері салық дауларымен алаңдамай, өз қызметін дамытуға ден қойып, жаңа кезеңді «таза парақтан» қайта бастауға мүмкіндік алады.


Департамент мамандары мәлімдегендей, бұл бастамалардың басты мақсаты – реформалар кезеңінде микро және шағын бизнесті қолдау, олардың тұрақты дамуына жағдай жасау.


Фото:Altainews.kz


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив