
Мәжілістің пленарлық отырысында қабылданған заңға сәйкес, "электрондық сауда операторы" ұғымы және кедендік декларациялаудың жаңа түрі енгізіледі.
"Халықаралық пошта арқылы үшінші елдердің интернет-алаңдарынан жеке тұлғаларға жіберілетін тауарлар электрондық сауда тауарлары ретінде жеке санатқа бөлінеді. Сондай-ақ “электрондық сауда операторы” ұғымы мен электрондық сауда декларациясы атты жаңа кедендік декларация түрі енгізіледі", – деді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік интернет-сайттарынан сатып алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Олар тек бажсыз әкелу нормалары асып кеткен жағдайда ғана декларацияланады екен.
“Бұл тауарлар сауда айналымына жатпайтындықтан, ресми статистикаға енгізілмейді. Сондықтан шетелдік интернет-дүкендер арқылы сатып алынатын тауар көлемін декларациялау олардың толық статистикасын жүргізуге мүмкіндік береді”, – деді министр.
Мәжілістің салалық комитетінің қорытындысында, жеке пайдалану үшін әкелінетін тауарлар 200 еуро (120 мың теңгеден аса) немесе 31 келі нормадан асқанда ғана декларацияланатыны айтылған. Енді электронды сауда тауарларының барлық көлемі міндетті түрде декларацияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда онлайнсаудамен айналысатындар салық төлеушілер тізіміне енгізілетіні туралы жазған едік.