ІІМ ескертеді: ел азаматтарының ұялы телефондары қашықтан басқарылуы мүмкін

Жаңалықтар / Қоғам 21-02-2026, 15:09 1 0

Ішкі істер министрлігі алаяқтар жаңа айлаға көшкенін мәлімдеді. Қаскөйлер зиянды қосымшалар арқылы азаматтардың смартфондарына қашықтан қол жеткізуде. Әсіресе, Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін құрылғылар қауіпке жиі ұшырап отыр, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.

Ведомство дерегінше, қазіргі таңда түрлі сылтаулармен мобильді телефондарға орнатылатын зиянды бағдарламалардың таралуы тіркелуде. Мұндай қосымша жүктелген сәттен, бастап алаяқтар құрылғыны толықтай қашықтан басқара алмақ.


Бұл оларға банк шоттарындағы қаражатты ұрлауға, онлайн несие рәсімдеуге, жеке деректер мен хат-хабарламаларға қол жеткізуге, тіпті телефонды бұғаттап, ақша талап етуге де мүмкіндік береді.


Зиянды бағдарлама бірнеше жолмен таралады. ІІМ мамандары негізгі тәсілдерді атады:


  • мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишингтік сілтемелер жіберу;


  • жалған мобильді қосымшалар;


  • фото, бейне немесе құжат түрінде жіберілетін зиянды файлдар;


  • мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан жолданатын жалған хабарламалар;


  • түрлі ұйымдардың атынан қоңырау шалып, акцияға не ұтыс ойынына қатысуды ұсынып, арнайы қосымша орнатуды сұрау.


Министрлік бейтаныс адамдардың өтінішімен ешқандай қосымша орнатпауға, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және қосымшалардың қандай рұқсаттар сұрайтынын мұқият тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ антивирустық бағдарламаларды пайдаланып, банк операциялары туралы хабарламаларды қосып қою ұсынылады.


Құрылғының тез қуатсыздануы, шамадан тыс қызуы және белгісіз қосымшалардың пайда болуы –жұқтырудың негізгі белгілері болуы мүмкін.


Егер телефонға зиянды бағдарлама жұқты деген күдік туындаса, дереу интернетті өшіріп, банкпен хабарласыңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сақ болыңыздар. Цифрлық қауіпсіздік – әрқайсымызға ортақ жауапкершілік, – деп атап өтті ІІМ өкілдері.


Фото: informburo.kz 


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив