2026 жылы МӘМС-ке кім қанша төлейді?

Жаңалықтар / Қоғам 3-02-2026, 10:30 1 0

2026 жылғы қаңтардан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға өзгерістер күшіне енді. Президент жергілікті атқарушы органдарға тұрғындарды медициналық сақтандырумен қамту жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.  


Нәтижесінде, елімізде жұмыссыз азаматтардың да тегін медициналық көмекке жүгінуіне мүмкіндік беретін заң қабылданды. Игілігін халық 2026 жылдың 1 қаңтар айынан  бастап көре бастады.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша кімнің қанша төлейтіндігі жөнінде толығырақ Ұлан аудандық емханасының пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің дәрігер-сарапшысы, эндокринолог-дәрігер Ботагөз Талғатқызы Түгелова айтып берді.


Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне бірқатар созылмалы аурулар енгізіледі. Атап айтқанда, қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы осы пакет аясында емделетін болады.


Сонымен қатар, онкологиялық скринингтер енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін  қолжетімді болады.


– Ал, 11 әлеуметтік маңызы бар ауру, оның ішінде туберкулез, АИТВ, онкологиялық аурулар, инсульт пен инфаркт бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі  шеңберінде қаржыландырылады. Әкімдіктер D және E санаттарына жататын азаматтар үшін жарналарды төлейді – бұл әл-ауқатының дағдарыс деңгейі бар адамдар, – деді Ботагөз Талғатқызы. 


Биылғы өзгерістерге сәйкес  жергілікті бюджет есебінен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарна төленетін болады. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай норма жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін жергілікті биліктің жауапкершілігін ескере отырып, жаңа заңда көзделгенін атап өтті.


Сақтандырылған азаматтар үшін диагностика, дәрігерлердің кеңесі, жоспарлы операциялар, емдеу және оңалту қызметтері МӘМС аясында тегін көрсетілетінін есте сақтаңыздар. Медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға тіркелу қажет.


– Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкер табысының 3%-ы, аударымның ең жоғары мөлшері – айына 102 000 теңгеге дейін болады. Қызметкерлердің және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы болса, жеке кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары – айына 5950 теңге. Ал, дербес төлеушілердің жарналары – айына 4250 теңге. Жеке кәсіпкерлер мен дербес төлеушілердің жарналарын есептеу үшін ең төменгі жалақы қолданылады. 2026 жылы оның мөлшері – 85 000 теңге көлемінде болды, – деді Ботагөз Түгелова.


   Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын «Қазпошта» АҚ кассаларыннан, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары мен төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив