
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері 10%-ға арттырылды. Нәтижесінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс минимумының 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін өсіп, 60 005 теңгені құрады, деп хабарлайды ilove-ulan.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр республикалық бюджеттен қазақстандықтарға жалпы сомасы 4 трлн 225 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеміне – 1 трлн 368,4 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақыға – 2 трлн 856,6 млрд теңге бағытталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 491 мың адамды құрады.
Өткен жылдың нәтижесі бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақының орташа көлемі 95 549 теңгені, базалық зейнетақы 47 594 теңгені құрады.
2025 жылдың басынан бастап базалық зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға артық мөлшерде ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-на дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Фотоколлаж: BAQ.KZ