Ұлттық ұлан сарбазы әскери қызметшілерге арналған цифрлық портал әзірледі

Жаңалықтар 26-02-2026, 14:30 1 0

Ұлттық ұланның сарбазы әскери қызметшілерге арналған цифрлық портал жасап шықты, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz  тілшісі.

ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі мәлімдегендей, жобаның авторы – 5573 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ким Хён У. Ол Алматы қаласының тумасы. Сарбаз «ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша білім алған және алдағы уақытта кәсіби дағдыларын жетілдіру үшін «Срочник 2.0» бағдарламасы аясында білім грантын иеленуді жоспарлап отыр.


Дәл осы кәсіби білімі мен цифрлық шешімдерге деген қызығушылығы оған әскери бөлімнің ішкі процестерін жетілдіруге белсенді араласуға мүмкіндік берген.


 

Аға офицерлердің жетекшілігімен қатардағы жауынгер Ким бөлім қызметіне талдау жүргізіп, цифрландыруды қажет ететін бағыттарды анықтады. Зерттеу барысында ақпарат алмасу жүйесін жетілдіру қажеттігі айқындалды.


Нәтижесінде бұрын негізінен саптық алаңда жеткізілетін маңызды мәліметтер енді портал арқылы жедел жарияланып отырады. Бұл құжат айналымын жеңілдетіп, бұйрықтардың уақытылы жаңартылуын және деректердің өзектілігін қамтамасыз етті.


Сонымен қатар психологиялық қызметтің жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Ким Хён Удың қатысуымен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің тест нәтижелерін автоматты түрде өңдейтін алгоритм әзірленді.


Әскери психологтардың айтуынша, енгізілген жүйе жарты жылдың ішінде шамамен 500 жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік берген.


– Әскер мен үшін нағыз шыңдалу мектебі болды. 5573 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Тәртіп пен жоғары талаптардың арқасында өзін дамытуға кең мүмкіндік бар. Мен бір жылдық қызметімді барынша тиімді пайдаланып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруді көздеп отырмын, деді гвардияшы.

 

Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы баспасөз қызметі


admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив