
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында жергілікті жұрт дәрігер жетіспеушілігі, жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй кезегінің ұзақтығы секілді өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.
Бозанбай халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Алайда шабындық пен жайылым жердің жетіспеушілігі шаруалардың жұмысын тұралатып тұр. Бұл жағдай мал басының өсіміне, сонымен қатар адамдардың табыс көзінің тұрақтылығына кері әсерін тигізеді.
Кездесуде құрылысы 5 жылдан бері аяқталмай келе жатқан спорт кешені де сөз болды. Ауыл тұрғындары құрылыстың неліктен созылып кеткенін білгісі келеді. Жастар үшін мұндай спорт инфрақұрылымы ауадай қажет екенін атап өткен бозанбайлықтар Мәжіліс депутатынан бұл мәселені назарға алуды сұрады.
Медицинадағы түйткілдер де шет қалмады. Қазір ауылда дәрігер тапшылығы сезіледі, кейбір салада тұрақты мамандар мүлде жоқ. Бұл жағдай адамдардың сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет алуын қиындатып отыр. Ауыл азаматтары жас дәрігерлерді тарту үшін тұрғын үймен қамту және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту қажет екенін жеткізді.
Көпшіліктің ұсыныс-пікірін мұқият тыңдаған Ерболат Саурықов, жиында айтылған мәселелердің бәрі тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын, сондай-ақ оларды қолданыстағы заңнама мен мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Фото: «Ауыл» партиясы