Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында спорт модулі бар әкімшілік ғимарат салынады

Спорт / Жаңалықтар 2-02-2026, 16:00 1 0
Фото: Мерей Қайнарұлы

Өңірде 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу жоспарлануда. Тиісті шешім жобасы бүгінгі облыстық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылады. Құжат қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес әзірленген. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық кеңестің мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Ilove-ulan.kz тілшісі.  


Бюджет параметрлерін нақтылау қосымша түскен айыппұлдар, салықтар, сондай-ақ жыл басында игерілмей қалған қаражат қалдықтары есебінен жүзеге асырылмақ. Қосымша қаржы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталады.


Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Қорғанбекованың мәлімдеуінше, аймақтың білім беру саласында Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында спорт модулі бар әкімшілік ғимарат салуға 97,4 миллион теңге бөлінеді.


Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға жеке және заңды тұлғаларға 2 миллиард теңге көлемінде субсидия қарастырылған.


 

– Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында полиция департаментіне жоғары өтімділіктегі автокөлік базасындағы жарылғыш заттарды залалсыздандыру роботы бар арнайы кешен сатып алуға 1,175 миллиард теңге бағытталады. Бұл бірінші кезекте облыс тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалған қадам. Мәдениет саласына келсек, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан өнер музейі ғимаратын күрделі жөндеуге 397,9 миллион теңге жоспарланды, – деді басқарма басшысының орынбасары.


Айта кетсек, құрылыс саласында бірнеше ірі жоба қолға алынады. Мәселен, Өскеменде волейбол орталығының құрылысы басталады. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңге қарастырылған. Риддер қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы басталып, оған 732,3 миллион теңге бөлінбек.


Сонымен қатар, Глубокое ауданы Белоусовка кентінде мәдениет үйінің құрылысы жалғасады. Ал Риддер маңындағы Лесное ауылында республикалық спорттық оңалту орталығының жобалық құжаттамасы әзірленбекші.


– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында су және жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Су құбыры желілерін жаңартуға 809,6 миллион теңге бөлінеді. Оның ішінде Серебрянск қаласы мен Қасым Қайсенов кентіндегі жобалар бар. Мұнымен қатар Күршім ауылындағы қазандықты жөндеуге, Ақжар және Үлкен Нарын ауылдарындағы жылу желілерін жаңғыртуға қаржы қарастырылған. Шемонаиха қаласында бірнеше шағын ауданның су бұру желілері қайта жаңғыртылады. Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Қатонқарағай ауданындағы Язевое көліне апаратын жолдағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, – деді Гүлшат Қорғанбекқызы.


Аймақта цифрландыру саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бойынша оқыту жобасы да іске асырылады. Сондай-ақ, өңірде су тасқынын бақылауға арналған 26 гидробекеттен тұратын мониторинг жүйесін құру жоспарланған.


Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жалпы, енгізілетін өзгерістер өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.


Жиында басқарма тарапынан ұсынылған шешім жобалары облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды.

Фото: Altainews.kz  және Мерей Қайнарұлы 


 

admin

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив